Ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар

Опубликовано: 08.12.2018

Ұсақ бұзақылық – қоғамдық тәртіпке қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың ең көп тараған түрлерінің бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер ұсақ бұзақылық болып танылады. Көрсетілген әрекеттерді жасау бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (5 айлық есептік көрсеткіш бүгінгі таңда 12025 теңгені құрайды) айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.

Ал көрсетілген әрекеттерді әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасау он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Бұланды аудандық сотымен 2018 жылдың 10 айында бұл санатындағы 67 әкімшілік іс қаралып, олар бойынша 67 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылған, оның ішінде 33-не айыппұл салу, ал 34 тұлғаға әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы тағайындалған.

Мәселен, Бұланды аудандық сотымен С. қатысты әкімшілік іс қаралды. Ол 2018 жылғы 5 қыркүйекте сағат 22.00-де Макинск қаласының Московская көшесінде шылым тұқылын белгіленбеген жерге тастады, яғни ортақ пайдалану орындарын ластады.

Сот отырысында С. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін өз кінәсін толық мойындады.

Сот қаулысымен С. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған бір тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалған.

Ақмола облысының Бұланды аудандық

сотының төрағасы О.СҮЛЕЙМЕНОВ

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter

rss